Басқосуда ведомство басшысы баяндама жасап, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімділігін арттыру қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі екеніне назар аударды.
«Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, арнайы сауалнамаға жауап берушілердің 30 пайызы жергілікті жерде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру, әсіресе жастар арасындағы жұмыстардың тиімділігін жеткіліксіз деп бағалады. Сондықтан мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды нығайту, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын жылжыту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу үшін орталық және өңірлік атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының бірлескен күш-жігерін шоғырландыру қажет», деді министр.
Оның пікірінше, халықтың мақсатты тобы арасында Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі ережелерін және қолданыстағы заңнаманың нормаларын кеңінен түсіндіру қажет.
Н.Ермекбаев жиынға қатысушыларға алдын алу және атаулы жұмыстарды ұйымдастыру барысында келісілген және бірізділендірілген тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Жастардың ұйымдаспаған тобы арасында жұмыстарды күшейтіп, іс-шараларға олардың қызығушылықтарын арттыру, инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану қажет.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»